Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрі
міндетін атқарушының
2008 жылғы «2» қазандағы
№544 бұйрығымен бекітілген
«Үздік авторлық бағдарлама» атты республикалық конкурсты өткізу ережесі
1. Жалпы ереже
1. Осы «Үздік авторлық бағдарлама» атты республикалық конкурсты (бұдан әрі – Конкурс) өткізу ережесі «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, жаңа қоғам педагогінің үздіксіз білім тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
2. Конкурсты жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі - «Дарын» РҒПО) «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының (бұдан әрі – «Балдәурен» РОСО) базасында өткізеді.
3. Конкурстың негізгі мақсаты дарынды балаларға білім берудің жаңа педагогикалық мазмұнын, технологияларын және жаңаша ұйымдастыру түрлерін әзірлеу жұмысына мұғалімдерді тарту болып табылады.
4. Конкурстың негізгі міндеттері:
1) шығармашыл зерттеуші-педагогтерді анықтау және қолдау, сондай-ақ олардың әзірлемелерін енгізуге ықпал ету;
2) ең үздік педагогикалық тәжірибені тарату;
3) педагогикалық идеялармен, жобалармен, шығармашылық нәтижелерімен алмасу.
2. Конкурсты ұйымдастыру қызметтері
5. Конкурсқа «Дарын» РҒПО желісіндегі дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері қатыса алады.
6. Қатысушылардың педагогикалық еңбек өтілі мен жастарына шектеу қойылмайды.
7. Конкурсқа басшылықты құрамын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – ҚР БҒМ) бекіткен Конкурсты өткізуді ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) жүзеге асырады.
8. Ұйымдастыру комитеті мынадай қызметтерді жүзеге асырады:
1) Конкурс туралы ақпаратты қамтамасыз етеді;
2) Конкурсты өткізу рәсімдерін және авторлық бағдарламаларды бағалау өлшемдерін белгілейді;
3) Конкурсқа ұсынған авторлық бағдарламалардың безендірілу талаптарын анықтайды;
4) Конкурсты, жұмыс өткізу тәртібін, түрін, орнын және уақытын анықтайды, қатысушылардың тізімін, қазылар алқасының құрамын және оның жұмыс регламентін бекітеді.
9. Қазылар алқасы құрамына жоғары педагогикалық оқу орындары мен колледждер оқытушылары, өнер, мәдениет және ғылым қайраткерлері, облыстық, Алматы және Астана қалалары білім басқармалары мен педагогикалық кадрлардың білімін арттыру және қайта даярлау институттарының мамандары кіреді.
10. Қазылар алқасы Конкурсқа ұсынылған авторлық бағдарламаларға сараптама жасап, бағалайды.
11. Конкурс үш кезеңнен тұрады:
1) бірінші кезең – өңірлік (сәуір-мамыр). «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалығы орталығы мен облыстық біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институты өткізеді.
2) екінші кезең – іріктеу кезеңі (қыркүйек). «Дарын» РҒПО-да тәуелсіз сарапшылардан құралған сарапшылар жұмысын жүргізеді.
3) үшінші кезең – республикалық (қазан). «Дарын» РҒПО өткізеді.
12. Авторлық бағдарламаның құрамына мынадай құрылымдық элементтер енгізілуі тиіс: титул парағы, түсіндірме жазба, оқу-тақырыптық жоспар, авторлық бағдарламаның мазмұны, авторлық бағдарламаны әдістемелік қамтамасыз ету.
13. Титул парағына:
1) дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының атауы мен мекен-жайы;
2) авторлық бағдарлама авторының (авторларының) аты-жөні, лауазымы;
3) авторлық бағдарламаның атауы;
4) авторлық бағдарламаның әзірленген жылы;
5) авторлық бағдарламаны кім, қайда және қашан бекіткені жазылады;
14. Түсіндірме жазба:
1) бағытын;
2) жаңалығын, өзектілігін, педагогикалық мақсатқа лайықтылығын;
3) мақсаттары мен міндеттерін;
4) ерекшелігін;
5) күтілетін нәтижелерді және оларды тексеру әдістерін;
6) бағдарламаның іске асырылуын қорытындылау нысандарын (көрмелер, фестивальдар, жарыстар, оқу-зерттеу конференциялары және т.б.) ашады.
15. Авторлық бағдарламаның оқу-тақырыптық жоспарына: тақырыптар, бөлімдер тізбесі; әр тақырыпқа арналған теориялық және практикалық сабақтардың сағат саны енгізіледі.
16. Авторлық бағдарламаның мазмұны тақырыптардың қысқаша сипаттамасы арқылы ашылады (теория және тәжірибе).
17. Авторлық бағдарламаның әдістемелік қамтамасыз етілуіне: сипаттама; әр тақырып немесе бөлім бойынша жоспарланған сабақ түрлері (ойын, әңгіме, саяхат, конкурс, конференция және т.б.); оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың әдістері және түрлері дидактикалық материалдары, сабақтың техникалық жабдықталуы; әр тақырыптың немесе бөлімнің нәтижесін жинақтау түрі кіреді.
18. Құжат МS Word Times New Roman мәтіндік редакторда терілуі қажет (жол арасының интервалы жалаң, әріптер мөлшері – 14, жиектері – 25 мм).
19. Конкурсқа қатысуға құжаттар ағымдағы жылғы 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Белгіленген уақыттан кейін жіберілген құжаттар тіркеуге жатпайды.
20. Конкурсқа қатысу үшін төмендегідей құжаттар ұсынылады:
1) қатысушы туралы мәліметтер көрсетілген өтініш (аты-жөні, жұмыс орны, лауазымы, педагогикалық өтілі, санаты, наградалары, тұратын мекен-жайы, телефоны, конкурсқа ұсынған материалдарының атауы, материалдарды мектептің оқу жоспарына енгізу мерзімі, берілген материалдар бойынша басылымдар, осы уақытқа дейін республикалық деңгейде іс-шараларда қатысуы)
2) конкурстық материалдар. Конкурсқа ұсынылған материалдар қағаз және электрондық тасымалдағыштарда берілуі керек.
21. Құжаттарды «Дарын» РҒПО-ның мекен-жайына жіберу қажет: Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 60. Байланыс телефондары: (8 717 2) 31 78 61, 31 79 96.
22. Конкурсқа жіберілген материалдар қайтарылмайды.
23. Конкурстың барлық қатысушыларына «Дарын» РҒПО-ның сертификаты беріледі.
24. Қазылар алқасы Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, әртүрлі номинациялар бойынша марапаттауға үміткерлерді анықтап, ұйымдастыру комитетіне ұсынады.
25. Конкурс жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҚР БҒМ-ның I, II, III дәрежедегі дипломдарымен марапатталады.
26. Конкурсты ұйымдастыру және өткізуге байланысты шығыстар бекітілген шығыстар сметасына сәйкес 010 «республикалық маңызы бар республикалық мектеп олимпиадаларын, конкурстарын, мектептен тыс іс-шараларды өткізу» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырады.
27. Конкурсқа қатысушылардың іссапар шығыны (бару-келу жолы, тамақтануы және тұруы) жіберуші жақтың есебінен төленеді.